open
Choose your language

Псориаз

Псориаз

Псориаз дегеніміз не?

Псориаз — терінің созылмалы инфекциялық емес қабыну ауруы1.

Псориаздың даму механизмі толық зерттелмеген, бірақ тұқым қуалайтын фактор, сондай-ақ иммундық жүйенің жұмысындағы бұзылулар маңызды рөл атқаратыны белгілі.

Псориаз кезінде эпидермис (эпидермистің шамадан тыс өсуі) жасушаларының қалыптан тыс пролиферациясы (бөлінуі) жүреді.

Псориаздың екі негізгі түрі бар: жас пациенттерде (40 жасқа дейін) диагностикаланған ерте басталатын псориаз (I тип) және 60 жастан асқан адамдарда дамитын кеш басталатын псориаз (II тип).

I типті псориаз генетикалық тұрғыдандетерминацияланған (тұқым қуалайтын), бұл ретте аурудың шегі 18–22 жаста байқалады.

Қалыпты эпидермис табиғи қабыршақтану үдерісіне ұшырайды. Бұл жағдайда эпидермальды жасушалар терінің базальды қабатынан жоғарғы қабатқа ауысады. Жаңару циклі шамамен 28 күнді алады. Псориаз кезінде эпидермис жасушалары жеделдетілген пролиферацияға байланысты әр 3–4 күн сайын ауыстырылады.

Псориаз — организмнің қорғаныс жүйесі (иммундық жүйе) өзіне шабуыл жасай бастайтын және қабыну реакциясын іске қосатын иммунитетке байланысты ауру. Нәтижесінде терінің реакциясы мен ішкі ағзалардың зақымдану қаупі пайда болады, бұл пациенттің жалпы денсаулығына әсер етеді.

Псориаз — бұл созылмалы ауру, оны қазіргі уақытта толық емдеу мүмкін емес

Бұл ауру өтеді және қайта оралады, ремиссия кезеңдері асқынумен ауысып отырады. Псориазды емдеудің негізгі мақсаты әртүрлі ауырлық дәрежесінде болуы мүмкін симптомдардың айқындылығын жеңілдету болып табылады. Псориазды білікті дәрігердің бақылауымен емдеу керек.

Псориазды емдеу үшін оны мүмкіндігінше ертерек диагностикалау және емді бастау өте маңызды

Бұл ауру ауырлық дәрежесі бойынша ауытқуы мүмкін; тиісті емдеусіз, псориаз бүкіл организмге теріс әсер етіп, күрделі асқынуларға әкелуі мүмкін. Псориазға байланысты денсаулыққа қатысты мәселелердің қатарына ішкі ағзалар мен буындардың функциясының бұзылуы (псориазды артрит) жатады, бұл организм үшін күрделі салдарға әкелуі мүмкін.1.

Сонымен қатар, псориаз қант диабеті, жүрек ауруы және депрессия қаупін арттыруы мүмкін . Бұл ауру өмірге қауіп төндірмейді, бірақ оның сапасына елеулі әсер етеді. Псориаз терінің едәуір көп таралған ауруларының біріні жатады және әдебиет деректеріне сәйкес ел халқының 1-2% кездеседі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Республикасында "псориаз" диагнозы қойылған 6 мыңнан астам пациент ресми тіркелген2.

Симптомдары

Алғашқы симптомдары

Ауру кез-келген жаста дамуы мүмкін. Алайда, псориаз жиі 15-тен 25 жасқа дейінгі аралықта арғаш рет пайда болады. Оның симптомдары сондай-ақ кішкентай балаларда және егде жастағы пациенттерде кездесуі мүмкін.

Бастапқыда псориаз терінің беткейінен жоғары көтерілген дақтар түрінде көрінеді, олар бірігіп, әртүрлі өлшемдегі және ауырлық дәрежесіндегі псориаздық түйіндер түзеді. Псориаздың тері көріністері көбінесе бас терісіне, шынтаққа, тізеге, омыртқаның бел немесе сегізкөз аймағына, қол мен аяққа шығады. Псориазы бар кейбір пациенттерде тырнақтың зақымдануы байқалады. Кейбір адамдарда псориаздық бөртпелер ауыз қуысының шырышты қабатында пайда болуы мүмкін.

Псориаз ағымын қалай жеңілдетуге болады?

Псориаздың ауырлық дәрежесі әр адамда әр түрлі болады және бірқатар факторларға байланысты болуы мүмкін — стресс, темекі шегу, алкогольді тұтыну немесе кейбір дәрілер. Бұл факторлар псориаздың асқынуын туындатуы мүмкін.

Псориазды тиімді емдеу үшін дәрігердің ұсыныстарын орындау өте маңызды. Салауатты өмір салтын ұстану керек: теңдестірілген тамақтану, тұрақты физикалық жүктемелер және дұрыс ұйықтау асқыну ықтималдығын азайтуы мүмкін.

Пациенттерге терінің тітіркенуін болдырмау үшін жұқа матадан тігілген киім кию ұсынылады.

Псориаз кезінде қандай асқынулар болуы мүмкін?

Емдеу болмаған кезде, псориаз денсаулықпен күрделі проблемалардың дамуына және ішкі ағзалардың зақымдануына әкеледі.

Псориазбен астасқан едәуір ауыр аурулардың ішінде — буындардағы өзгерістер (псориаздық артрит) және жүрек-қантамыр аурулары. Сонымен қатар, псориаз қант диабетінің даму қаупін арттырады.

Алайда, псориаздың салдары әлдеқайда тереңірек: пациенттер сөзбе-сөз және бейнелі түрде басқалардан алшақтайды. Қабыршықтанған түйіндердің арқасында псориазы бар адамдар өздерін стигматизацияланған және әлеуметтік оқшауланған сезінеді; егер оларға көмек көрсетілмесе, оларда психоәлеуметтік бұзылыстар дамуы мүмкін.

Егер сізде псориаз бар деп күдіктенсеңіз, не істеу керек?

Егер сіздің симптомдарыңыз псориазбен байланысты болуы мүмкін деп күдіктенсеңіз, диагноз қою үшін дереу дерматологқа хабарласыңыз.

Егер сізге осы ауру диагностикаланған болса, дерматолог жалпыға бірдей танылған индекстерді пайдалана отырып, сіздің денсаулығыңыздың жай-күйін бағалауға тиіс, мысалы:

  • PASI (Psoriasis Area and Severity Index) — аурудың ауырлық деңгейін бағалау үшін псориаздық зақымданулардың ауданы мен ауырлығының индексі;
  • DLQI (Dermatology Life Quality Index) — пациенттің өмір сапасына әсерін бағалау үшін өмір сапасының дерматологиялық индексі;
  • BSA (Body Surface Area) — псориаз кезінде терінің зақымдану аймағын анықтау үшін дене беткейінің ауданы.

Дәрігер сонымен қатар сіздің ауруыңыздың тарихын және ең алдымен сізде алғашқы симптомдар пайда болған жағдайларды (инфекциялар, дәрілік препараттарды қабылдау, стресс) тексеруге тиіс.

Емдеудің оңтайлы әдісін таңдау және препараттардың тиімділігі көбінесе толтырылған сауалнамаларды талдағаннан кейін алынған деректерге байланысты. Дәрігерге ертерек және соңғы нәтижелерді көрсету үшін барлық медициналық талдаулардың нәтижелерін сақтау міндетті. Аурудың егжей-тегжейлі анамнезі егер ағымдағы ем тиімсіз болса, дәрігерге емдеу стратегиясын өзгертуге көмектеседі.

Егер сіз жаңа дерматологқа қаралсаңыз, оған псориаз туралы жазбалары бар медициналық картаңыздың көшірмелерін, соның ішінде алдыңғы медициналық зерттеулердің нәтижелерін ұсынуды ұмытпаңыз.

Псориазды емдеу үшін оны мүмкіндігінше ертерек диагностикалау және емді бастау өте маңызды.

Бұл аурудың әртүрлі түрлері көбінесе созылмалы стресстен немесе инфекциядан туындауы мүмкін.

Егер сізде псориазға ұқсас тері зақымдануы байқалса, дереу дерматологқа хабарласыңыз және оның ауруды емдеуге маманданғанын алғашқы қабылдау кезінде нақтылаңыз. Диагнозды растау үшін Сізді тері биопсиясына жіберуі мүмкін.

Пациенттің терісінің биопсиясы кезінде зерттеу үшін зақымданған тіннің кішкене бөлігін алады.

Егер сізде диагноз расталса, дерматологтан денсаулығыңыздың жай-күйі туралы сұраңыз - оны PASI, DLQI және BSA индекстерінің көмегімен бағалауға болады. Аурудың ауырлық дәрежесін анықтау, емдеудің ең жақсы тәсілін таңдау және оның қаншалықты тиімді екенін анықтау маңызды. Аурудың ауырлығын бағалау үшін тексерілген әдістерді қолданғаннан кейін сізге емнің ең жаңа әдістері ұсынылуы мүмкін.

Псориаз түрлері

Псориаз түрі мен көріністердің айқындылығы бойынша ерекшеленеді. Әр түрлі кезеңдерде ол бір пациенттің ауырлық дәрежесіне қарай ауытқуы мүмкін - жеңілден өте ауырға дейін. Емдеудің ең қолайлы және тиімді әдісін тағайындау үшін псориаз түрін ескеру қажет. Әдетте псориаз түрі тері көріністерінің, зақымданған аймақтардың орналасуының және ауырлық дәрежесінің айрықша белгілері бойынша анықталады. Псориаз түрін анықтау үшін терінің зақымданған жерлерін дерматолог тексеруге тиіс. Псориаздың едәуір көп таралған түрлері - түйіндік псориаз, тамшы тәрізді псориаз, пустулезды псориаз, инверсиялық (тері қатпарларының псориазы), псориаздық эритродермия және псориаздық артрит.

Түйіндік псориаз (қарапайым, тұрпайы) — пациенттердің шамамен 80% кездесетін псориаздың едәуір көп таралған түрі. Ол әдетте терінің беткейінен жоғары көтерілген дақтар түрінде көрінеді, түйін түрінде қызарған терінің ошақтарын түзе отырып, олар бірігеді. Түйіндер әртүрлі өлшемде болуы мүмкін, негізінен қызыл түсті және оңай сезіледі. Олар қатпарлы күміс-ақ қабыршақтармен жабылған. Бұл тері көріністері әдетте (бірақ әрқашан емес) тұрақты тітіркендіргіш қышынумен қатар жүреді, осыған байланысты пациенттер қышынған жерлерін тырнайды және нәтижесінде түйіндер қанайды. Түйіндік псориаз әдетте терінің әртүрлі аймақтарында дамиды және көбінесе тізені, шынтақты, иықты, арқаны, аяқты немесе бас терісін зақымдайды.

Кәдімгі псориаздың әртүрлі түрлері алақан мен табан, тырнақ және белді қоса, дененің басқа бөліктерінде де кездесуі мүмкін.

Псориаздық эритродермия — бұл аурудың едәуір ауыр түрі, онда эритематозды (терінің ашық қызыл ісінген аймақтары) және терінің қабыршақтанған зақымдануы дене беткейінің көп бөлігін жабады. Пациенттерде дене температурасының жоғарылауы және терінің қышынуы мен қабыршақтануын күшейтетін буындардағы ауырсыну болуы мүмкін. Шеткері лимфа түйіндері ұлғаюы мүмкін. Псориаздық эритродермия қарапайым псориаз және қатарлас инфекция аясында дамуы мүмкін. Егер псориаздық эритродермияны дұрыс емдемесе немесе емдеуден мүлдем бас тартса, бұл ауру ауыр зардаптарға және тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

Пустулезды псориаз псориаздың басқа түрлерінен ерекшеленеді және оны жеке ауру деп санауға болады. Пустулезды псориаз көбінесе ересектерде байқалады және пустулалар (іші іріңді күлдіреуіктер) түрінде көрінеді. Зақымданған аймақтардың айналасында қабыну дамиды. Пустулезды псориаз кезінде терінің көріністері дененің белгілі бір жерлерінде, мысалы, алақандарда немесе табандарда байқалады немесе бүкіл денеге таралады. Қол мен аяқта орналасқан пустулезды псориаз көбінесе 50 жастан асқан әйелдерде кездеседі. Теріде үнемі пайда болатын пустулалар ауырады және механикалық зақымдануға осал.

Диффузды пустулезды псориаз сирек кездеседі және едәуір ауыр түрде жүреді. Терінің зақымдануынан басқа басқа симптомдарға дене температурасының жоғарылауы, солбырлық және шаршау жатады. Бақылауларға сәйкес, темекі шегу — псориаздың осы түрінің дамуының негізгі факторларының бірі.3

Инверсиялық псориазда (тері қатпарларының псориазы) күміс қабыршақтар әдетте пайда болмайды. Оның орнына терінің зақымданған қатпарларында ашық қызыл дақтар пайда болады: шынтақ бүгілуінде, тізе астында, қолтық астында немесе шапта, сондай-ақ кеуде астында.

Зақымданған жерлер аса жоғары сезімталдықпен ерекшеленеді, тер немесе киіммен жанасу тітіркенудің дамуына әкелуі мүмкін. Тері қатпарларының псориазы көбінесе артық салмағы бар пациенттерде және егде жастағы пациенттерде кездеседі. Псориаздың бұл түрі зеңді инфекциядан туындауы мүмкін.

Псориаздық артрит - бұл псориазбен қатар жүретін және балаларға да, ересектерге де әсер ететін созылмалы қабыну артриті. Псориаздық артрит көбінесе қолдың, аяқтың буындарына және белге әсер етеді. Саусақтар деформацияланады; теріде және тырнақтарда псориаздық зақымданулар пайда болады. Аурудың басқа симптомдары - буындардың ауыруы және ісіну. Псориаздық артритті мүмкіндігінше ертерек диагностикалау және тиімді емді бастау керек. Бұл үшін дерматолог пен ревматологтың тығыз қарым-қатынасы өте маңызды.

Псориаздық артрит псориазы бар әрбір үшінші пациентте дамиды, сондықтан аурудың тері көріністері болған кезде буындардың жағдайын бақылау және кез-келген буын симптомдары (ісіну, ауырсыну, қозғалудың шектелуі) пайда болған кезде ревматологқа жүгіну керек.4

Тамшы тәрізді псориаз әдетте балалар мен жас ересектерде кездеседі және ауырлық дәрежесі әртүрлі теріде ашық қызыл түсті (диаметрі 1 см-ге дейін) тамшы тәрізді папулаларға (түйіндеріне) ұқсайды. Псориаздың бұл түрі әдетте стрептококк инфекциясынан туындайды. Тамшы тәрізді псориаз Кебнер феноменімен жиі байланысты, онда эпидермис жарақат алған жерлерде терінің псориаздық зақымдануы пайда болуы мүмкін.

Псориаздың ауырлық дәрежесі бойынша градациясы

Псориаздың ауырлық дәрежесін анықтауға болатын бірнеше жүйелер бар. Олардың ең қарапайымы — дененің зақымданған аймақтарын пайызбен бағалау. Бұл әдісте алақанның ауданы бағдар болып табылады, ол терінің бүкіл беткейінің шамамен 1% құрайды.

Бастапқы кезең (жеңіл)

Зақымдану ауданы 3% кемін құрайды.

Ауырлығы орташа

Дене беткейінің 3-тен 10% дейін зақымданады.

Ауыр

Оған дененің бүкіл беткейінің 10% астамы зақымданатын жағдайлар жатады.

Сондай-ақ, буындардың зақымдануы сияқты критерийді атап өткен жөн. Бұл жағдайда псориаз ауыр деп саналады, тіпті егер бұл үдеріске 10% кемі қатысса да.

Псориазбен зақымданудың ауырлық индексі (PASI)

Аурудың ауырлығын бағалауға арналған тағы бірнеше шкала: PASI, DLQI, BSA. Олардың біріншісі жиі пайдаланылады - Psoriasis Area and Severity Index. Ол бойынша есептеуді дәрігер-дерматолог жүргізеді: ол терінің қабыршақтануының, қызаруы мен инфильтрациясының айқындылығын, сондай-ақ дене беткейінің зақымданған пайызын ескереді.

Денедегі орналасуы бойынша псориаз түрлері

Дәрігер тағайындайтын емдеу дененің қандай жерлерінде бөртпелер бар екеніне байланысты. Олардың кейбіреулері өмір сапасына ерекше теріс әсер етеді - тіпті жалпы зақымдану аймағы үлкен болмаса да. Олар жоғары әсер ету ошақтары деп аталады. Әрі қарай, псориаздың кейбір көріністерін және оның түрлерін қарастырамыз.

Терідегі псориаз

Ол дененің кез-келген бөлігінде болуы мүмкін, бірақ кейбір аймақтар жиі зардап шегеді.

Бас пен бет терісінде

Бұл түрі «псориаз» диагнозы қойылған адамдардың 50% астамына тән. Жалпы зақымдану орындары: маңдай, шаштың өсу сызығы, мойынның артқы жағы, құлақ және оның айналасындағы тері, қастар, мұрын-ерін үшбұрышы.

Алақан-табан

Одан зардап шегетін адамдардың 12–16% кездесетін псориаздың жеке түрі. Алақан мен аяқтың құрғақ қалыңдатылған терісімен сипатталады, соңғысында кейде терең жарықтар пайда болады. Мұндай ауру кезінде аяқ пен қолдың функциялары зардап шегуі мүмкін: ауыруға байланысты олардың қозғалғыштығы шектеулі, бұл күнделікті тапсырмаларды орындауға кедергі келтіреді.

Қолда

Кәдімгі үшін типтік орналасуы немесе оны "тұрпайы" деп те атайды, псориаздың түрлері — шынтақ қатпарларының сыртқы беткейі. Басқа түрінде, инверсиялық, бөртпелер, керісінше, терінің қатпарларында болады: яғни шынтақ бүгілуінің ішкі жағында немесе қолтықта.

Аяқта

Аурудың ошақтары аяқтарда да пайда болуы мүмкін — ішкі және сыртқы жағында. Сондай-ақ, терісі нәзік және киімге үйкелістен жиі зардап шегетін шапта. Соңғы жағдайға байланысты, мұнда ол қатты қышиды, бірақ қабыршықтану аз көрінеді.

Тырнақ псориазы

Ол тырнақтардағы таяз немесе терең шұңқырлармен, олардың пішіні мен түсінің өзгеруімен, қалыңдауымен немесе тіпті ажырауымен сипатталады. Псориаздың бұл түрінде аяқтарға қарағанда қолдар жиі зардап шегеді. Көптеген пациенттерде ауру псориаздық артритпен біріктіріледі. Тырнақтың өзгеруін байқаған адамдарға бұл диагнозды жоққа шығару үшін дерматологқа бару ұсынылады. Дәрігер өз кезегінде ПсА тексеру үшін ревматологқа жолдама беруі мүмкін.

Диагностика

Псориаз диагнозын қоюдың негізгі тәсілі — пациенттің терісін көзбен шолып тексеру. Сондықтан симптомдар псориазбен байланысты болуы мүмкін деп күдіктенсеңіз, дереу дәрігер-дерматологпен кеңесіңіз.

Дәрігер сіздің ауру тарихыңызды және ең алдымен псориаздың алғашқы симптомдары пайда болған жағдайларды зерттеуге тиіс: мысалы, инфекциялар, дәрілік препараттарды қабылдау, стресс.

Псориазды емдеудің оңтайлы әдісін таңдау және препараттардың тиімділігі көбінесе толтырылған сауалнамаларды талдағаннан кейін алынған деректерге байланысты. Дәрігерге ертерек және соңғы нәтижелерді көрсету үшін барлық медициналық талдаулардың нәтижелерін сақтау міндетті. Аурудың егжей-тегжейлі анамнезі егер ағымдағы ем тиімсіз болса, дәрігерге емдеу стратегиясын өзгертуге көмектеседі. Егер сіз жаңа дерматологқа қаралсаңыз, оған псориаз туралы жазбалары бар медициналық картаңыздың көшірмелерін, соның ішінде алдыңғы медициналық зерттеулердің нәтижелерін ұсынуды ұмытпаңыз.

Жалпы жағдайды бағалау және жүйелік емге қарсы көрсетілімдерді анықтау үшін емдеуші дәрігер сізге клиникалық (жалпы) және биохимиялық қан талдауын, сондай-ақ жалпы несеп талдауын тағайындайды. Сонымен қатар, диагнозды растау үшін сізді тері биопсиясына жолдауы мүмкін. Пациенттің терісінің биопсиясы кезінде зерттеу үшін зақымданған тіннің кішкене бөлігін алады.

Псориазы бар пациенттердің шамамен үштен бірінде псориаздық артриттің даму қаупі бар.

Псориазды емдеу үшін оны мүмкіндігінше ертерек диагностикалау және емді бастау өте маңызды.

Емі

Псориаз — бұл өте күрделі ауру, оның ауырлығын әртүрлі факторларды күшейтуі мүмкін: стресс, жыл мезгілдерінің өзгеруі, дұрыс тамақтанбау және т.б. Дегенмен, оны қол жетімді емдеу әдістерінің көмегімен бақылауға болады.5

Емді дәрігер әр пациент үшін жеке таңдайтынын есте ұстаған жөн. Егер тағайындалған емдеу нәтиже бермесе, дәрігермен сөйлесіңіз. Емдеудің едәуір тиімді әдісі көбінесе сынақтар мен қателіктер арқылы анықталады.

Псориазды емдеу нұсқаларының бірі — жергілікті (топикалық) ем. Бұл әдіспен терінің зақымданған жерлеріне жағатын препараттардың, жақпамайлардың, кремдердің, спрейлер мен лосьондардың арнайы дәрілік түрлері тағайындалады. Жергілікті қолдануға арналған препараттардың құрамында әдетте шағын аймақпен шектелген жеңіл тері зақымдануларын жоюға көмектесетін арнайы заттар бар. Әсерге қол жеткізу үшін жергілікті ем бірнеше апта бойы жалғасуға тиіс.

Псориаз кезінде қолданылатын сыртқы дәрілер (жақпамай, кремдер)

Псориаздың жеңіл түрлерін теріге уқалайтын қимылмен жағылатын және қабынуға қарсы, қышынуға қарсы, кератолитикалық (қабыршақтайтын) және ылғалдандыратын әсерінің арқасында аурудың симптомдарын азайтатын препараттардың көмегімен емдеуге болады. Пациенттерге кортикостероидтар, D3 дәруменінің аналогтары, салицил қышқылы бар жақпамай мен кремдер ұсынылады.

Төменде бұл заттардың қалай жұмыс істейтіні сипатталған.

Кортикостероидтар

Кортикостероидтар көбінесе стероидтер деп аталады. Топикалық кортикостероидтарды қабыну үдерісін тоқтату, ісіну мен қышынуды басу үшін пайдаланады. Бұл препараттар қабынуға қарсы, иммуносупрессиялық және аллергияға қарсы әсер етеді.

Кортикостероидтар — бұл организм өндіретін стероидты гормондар. Синтетикалық кортикостероидтар 1950 жылдардан бері пайдаланылады. Кортикостероидты ем әдетте қысқа мерзімді курстармен қолданылады. Ұзақ уақыт қолданғанда осы препараттарға төзімділік дамуы мүмкін. Кортикостероидтарды қолдану псориаз симптомдарының айқындылығын тез төмендетуге қабілетті болғанымен, ем тоқтатылғаннан кейін көп ұзамай ауру қайта оралуы мүмкін. Кейде оларды пайдалануды тоқтатқаннан кейін симптомдар ауырлауы немесе псориаздың жаңа симптомдары пайда болуы мүмкін. Жағымсыз әсерлерге жанаспалы дерматит, терінің салдарлы инфекциялық зақымдануы, атрофиялық өзгерістер және тері пигментациясының өзгеруі, гипертрихоз, аллергиялық реакциялар және гиперкортицизм симптомдары жатады.6 Псориаздық бөртпелердің сипаты мен орналасуына байланысты дерматологияда қолданылатын тері ауруларын жергілікті емдеуге арналған глюкокортикстероидтар әртүрлі дәрілік түрлер — жақпамай, крем, спрей немесе лосьон түрінде пайдаланылады. Кортикостероидтардың формуласы тек стероидтарды немесе кортикостероидтар мен басқа заттар, мысалы, салицил қышқылы біріктірілімін қамтуы мүмкін.

D3 дәруменінің аналогтары

Бұл D3 дәруменінің аналогы — кальципотриол негізіндегі жергілікті қолдануға арналған препараттар. D3 дәруменінің аналогтары жасушалардың шамадан тыс бөлінуін бәсеңдетеді және тері жасушаларының қалыпты жетілуіне ықпал етеді. D3 дәруменінің аналогтары псориаздан зақымданған тері аймақтарына (бас терісін қоса) жағылады. Препаратты дене беткейінің 30% - дан асатын терінің ауқымды жерлеріне жақпаған жөн және бетке жағу ұсынылмайды. Емдік әсер әдетте емдеу басталғаннан кейін 1-2 аптадан кейін байқалады. Емдеу курсының ұзақтығы 6-8 аптадан аспайды. Едәуір жиі жағымсыз әсерлер - жергілікті тітіркену, қышыну, эритема, күйдіріп-ашу және бөртпе.7 Пациенттерге кальципотриол мен кортикостероидтың біріктірілімі тағайындалуы мүмкін. Мұндай ем жоғары тиімділікті көрсетті.

Салицил қышқылы

Терінің зақымдануында айқын қабыршықтану кезінде қабыршықтанудың қарқындылығын төмендету үшін құрамында салицил қышқылы бар сыртқы дәрілер ұсынылады – 2-5% салицил жақпамайы. Жағымсыз әсерлерге жергілікті аллергиялық реакциялар (күйдіріп-ашу, қышыну, гиперемия) жатады. Салицил қышқылы терінің басқа жергілікті дәрілік заттар үшін өткізгіштігін арттырады және осылайша олардың сіңірілуі күшейтеді.8


Пациенттерді стационарлық емдеу кезінде белгілі бір пациентке арналған дәрігердің рецептісі арқылы дәріханада тікелей жасалған жақпамайды пайдалануға болады. Мысалы, 5% ихтаммол негізіндегі жақпамай, 5-10% нафталан мұнайы және қайың шайыры.1

Фототерапия (жарық терапиясы) ежелден бері кеңінен танымал және қолданылып келеді. Псориаз кезінде теріге жарықтың әсер етуі зақымданған жасушалардың өсуін баяулатады және терінің күйін жақсартады.

Күн сәулесі пациенттердің көпшілігіне пайдалы әсер етеді және терінің көрінісін айтарлықтай азайтады. Фототерапияны тіпті күн сәулесінің әсері симптомдардың айқындылығын күшейтетін пациенттер де пайдалана алады. Бұл жарық терапиясының шамдары ультракүлгін сәулеленудің қауіпсіз диапазонында жұмыс істейтіндігіне байланысты.

Фототерапияны үнемі және тұрақты, дәрігердің бақылауымен қолдану керек. Кез-келген басқа дәрі-дәрмектік ем сияқты, фототерапия жағымсыз әсерлердің қаупімен бірге жүреді - фотоуытты реакциялар, терінің ерте қартаюы, мөлдір қабықтың және конъюнктиваның жедел қабынуы, терінің обыры.

Псориазды емдеу үшін УКА- және УКБ-сәулеленуге негізделген әртүрлі фототерапия әдістері қолданылады.

ПУВА-ем (псорален + УКА-сәулелену)

Бұл жарыққа сезімтал псорален препаратын (пероральді) және А спектрлі ультракүлгін сәулені (УКА-сәулелену) біріктіретін псориазды емдеудің жалғыз әдісі. Псориазы бар пациенттер псорален дозасын қабылдайды, содан кейін медициналық орталықта ұзақ толқынды ультракүлгін сәулелену (УКА-сәулелену) фототерапия сеансына барады. Сеанс кезінде пациент қауіпсіздік көзілдірігін киеді. Жарық емінен кейін (аптасына 3–4 сеанс) көру және бауырдың жұмысын тексеру қажет. Сақтық шаралары мақсатында жарық емі сеансынан кейін теріні күн сәулесінен қорғау қажет. ПУВА-ем әдетте псориазы бар пациентте зақымданған терінің ауданы 10–-15 % болғанда пайдаланылады. Ұзақ мерзімді фототерапия қышыну, бас ауруы, жүрек айну және тері обырының даму қаупінің жоғарылауымен байланысты.

УКВ-сәулеленудің фототерапиясы

Псориаз кезінде УКВ-сәулелермен (кең жолақты немесе тар жолақты ультракүлгін сәулелермен) фототерапия ПУВА-еміне қарағанда қауіпсіз және псориазы және бауырдың немесе көздің қатарлас аурулары бар пациенттерге ұсынылуы мүмкін. Пациенттердің жағдайы әдетте бірнеше УКВ-емі сеанстарынан кейін жақсарады. ПУВА-емі сияқты, УКВ-сәулелену фототерапиясы дәрігердің бақылауымен жүргізілуге тиіс. УКВ-сәулеленудің әсері өздігінен басылатын терінің қызаруына (эритема) және қышуына әкелуі мүмкін. 311–312 нм диапазонындағы тар жолақты УКВ-емі псориазды емдеу үшін едәуір тиімді болып саналады.

Дәстүрлі жүйелік ем әдетте, егер жергілікті емдеу нәтиже бермеген жағдайда пайдаланылады. Оларға жүйелік ретиноидтар және псориазды емдеу үшін тиімділігін растайтын иммуносупрессиялық және цитостатикалық әсері бар препараттар (өсу, даму үдерістері мен жасушалардың бөліну механизмдерін бұзады) жатады.

Жүйелік ем организмге жалпы әсер ететін инъекцияларды немесе таблеткаларды қолдануды қамтуы мүмкін. Дәстүрлі жүйелік ем өте тиімді, бірақ сонымен бірге жағымсыз әсерлердің даму қаупі жоғары. Жүйелік препараттарды пациенттерге ауыр және орташа ауыр псориазды емдеу үшін тағайындайды. Жүйелік ем кезінде пациенттер үнемі қан талдауын өткізіп, артериялық қысымды өлшеуге тиіс.

Биологиялық препараттар псориазды емдеудегі серпіліс болды және көптеген пациенттерге үміт берді. Биологиялық препараттар аурудың дамуында маңызды рөл атқаратын әртүрлі молекулалармен (биологиялық нысандар) байланысатын антиденелер (арнайы ақуыздар) болып табылады.

Биопрепараттар қалай жұмыс істейді?

Биологиялық препараттар тері астына немесе вена ішіне енгізіледі. Олар Еуропада және бүкіл әлемде жоғары тиімділік пен жағымсыз әсерлердің даму қаупінің төмендігі (жоғары қауіпсіздік бейіні) арқасында кеңінен таралуда.

Биопрепараттар, ең алдымен, дәстүрлі жергілікті және жүйелік емге нашар жауап беретін орташа немесе ауыр дәрежелі псориазы бар пациенттерге көрсетілген. Псориаздың едәуір ауыр түрлері бар пациенттер үшін биопрепараттардың өмірлік маңызы бар.

Биопрепараттарды қабылдайтын пациенттерде тері көріністерін қоса, псориаз симптомдары тез жоғалады. Бұл жағдайда оларға жақпамайды қолданудың және стационарлық жағдайда ем алудың қажеті жоқ. Биологиялық емді қолдану пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға қабілетті - олар белсенді кәсіби және әлеуметтік өмір сүре алады және аурудан ұялмайды.

Биологиялық ем иммундық жүйенің белгілі бір буындарына бағытталған. Басқа иммуносупрессанттардан (иммундық жүйені бәсеңдететін препараттар) айырмашылығы, биопрепараттар псориаздан зақымданған аймақтарға көбірек әсер етеді және ұзақ мерзімді қолдануға жарамды. Биологиялық емге жолдама алу үшін пациенттер жалпы денсаулықты бағалау және туберкулезді жоққа шығару үшін бірқатар медициналық тесттерден өтуге тиіс. Псориазда пайдаланылатын биологиялық препараттар табиғи ақуыздардың функциясын имитациялайды және организмнің иммундық жауабын бәсеңдетеді. Нәтижесінде олар қабынудың алдын алады, яғни пациенттер симптомсыз ремиссияның ұзақ кезеңіне үміттене алады.

Пациенттер биологиялық емнің бірден әсер ететінін және жағдайды ұзақ уақыт жеңілдетуге көмектесетінін растады.

Биологиялық препараттардың едәуір көп таралған жағымсыз әсерлеріне инъекция орнындағы реакция, дене температурасының жоғарылауы, артериялық қысымның ауытқуы, буындар мен бұлшықеттердің ауыруы жатады. Сонымен қатар, ұзақ уақыт қолданғанда биологиялық препараттар иммуносупрессиялық әсер ету механизміне байланысты инфекцияларға сезімталдықты және қатерлі ісіктердің даму қаупін арттыруы мүмкін.

Балалардағы емдеу әдістерін таңдауға көптеген факторлар әсер етеді. Бұл баланың жасы, псориаз түрі және үдеріс терінің қай аймақтарында орналасқанына және, әрине, оның таралуы.

Жас пациенттерге едәуір тиімді емді тағайындау үшін педиатр және дерматолог сияқты дәрігерлердің бірлескен жұмысы қажет. Жалпы алғанда, тәсілдер ересектерді емдеу принциптеріне ұқсас, бірақ жасын ескере отырып, жүйелі ем үшін дәрілік препараттардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Псориазы бар балалар, әсіресе жасөспірім кезеңінде, сауатты педагогтар мен психологтардың қолдауын және туыстары мен жақындарының сөзсіз қолдауын қажет етеді.

Псориазды емдеудің кез-келгенін әдісін емдеуші -дәрігер дерматологпен талқылаңыз. Төменде ұсынылған ақпарат медициналық кеңес болып табылмайды.

Үйде қандай қосымша емшаралар жасауға болады?

Өлі теңіз тұздарын пайдаланумен бальнеотерапияның ықтимал оң әсерін көрсететін деректер жарияланды.9 Өлі теңіз тұзымен ванналар псориазды дәстүрлі емді толықтыруы мүмкін. Сондай-ақ, май өндірісін реттейтін, бактерияға қарсы қасиеттері бар және терінің жай-күйін жақсартатын Өлі теңіз тұзы бар косметикалық өнімдер көбейіп келеді.

Өмір сапасын жақсарту: псориаз кезінде денсаулықты қалай нығайтуға болады? Псориазы бар пациенттер үшін әсіресе не зиянды?

Ерте диагностика мен емнен басқа, псориаздың асқынуы туындатуы мүмкін факторлардан аулақ болу керек. Бұл ауруды жеңуге және онымен байланысты жайсыздықты азайтуға көмектеседі. Егер пациенттер псориаз симптомдарын азайту үшін қажетті сақтық шараларын қолданбаса, ауру артериялық гипертензия, семіздік және қант диабеті сияқты ауыр асқынулардың даму қаупін арттыруы мүмкін.

Диета

Диетаның өзі псориазды емдеуге айтарлықтай әсер етпейді, бірақ негізгі әдістерге маңызды қосымша болуы мүмкін. Жергілікті және жүйелік еммен біріктірілген ең жақсы нәтижелер төмен калориялы тамақтануды көрсетеді. Оның аясында терінің зақымдану ауданы және ауру ағымының ауырлығы азаяды.

Емдеуші дәрігер пациентке ащы тағамдарды, дәмдеуіштерді және жануарлардың майларын қабылдауды шектеуді, сондай-ақ алкогольдік сусындардан бас тартуды ұсынуы мүмкін. Керісінше, мәзірге дәрумендерге бай тағамдарды (жемістер, көкөністер) және өсімдік майларын қосу.

Псориаз кезінде неден аулақ болу керек?

Егер сізде псориаз болса, келесі факторлардан аулақ болу керек:

Алкоголь

Кейбір зерттеулердің деректеріне сәйкес, алкогольді тұтыну псориаздың даму қаупін арттыруы мүмкін.10 Сонымен қатар, алкоголь псориаз кезінде қабылданатын препараттардағы белсенді заттармен өзара әрекеттесуі мүмкін. Нәтижесінде емнің әсері бейтараптандырылуы немесе ауыр жағымсыз әсерлер дамуы мүмкін. Бұл мәселе бойынша емдеуші дәрігермен кеңесіңіз.

Темекі шегу

Темекі шегуді псориаздың дамуының қауіп факторы ретінде де қарастыруға болады. Дозаға тәуелді әсер байқалады және әйелдер үшін қауіп едәуір жоғары.1112

Стресс

Псориазы бар пациенттер кездесетін стресстік жағдайлар аурудың ағымына теріс әсер етуі мүмкін. Стресс, жағымсыз эмоциялар және күнделікті проблемалар псориаздың өршуіне әкелуі мүмкін.13 Егер стресстен құтылу мүмкін болмаса және ол псориаз симптомдарын нашарлатса, дерматологпен кеңесіп, психологқа немесе психиатрға хабарласыңыз.

Артық салмақ

Псориазы бар пациенттер салмақ қосуға бейім, бұл семіздікке әкелуі мүмкін. Керісінше, семіздік псориазға әкелуі мүмкін.14 Артық салмақ псориаз симптомдарын емдеуді елеулі қиындатуы мүмкін, әсіресе тері қатпарларында, бүгілулерде, кеуде астында немесе шапта. Артық салмақ кезінде емнің тиімділігі де төмендейді.1516 Себебі артық салмағы бар пациенттерге емдік әсер үшін дәрілердің стандартты дозалары жеткіліксіз. Биологиялық емге де қатысты. Сондықтан псориаздан зардап шегетін артық салмағы бар пациенттерге диетологпен кеңесіп, теңдестірілген диетаны таңдау ұсынылады.

Псориаз кезінде тері күтімі: терінің жай-күйін жақсартуға арналған дәрілер

Псориаз дененің кез келген аймағында пайда болуы мүмкін, бірақ әртүрлі аймақтардағы симптомдар жеңілірек немесе керісінше едәуір ауыр болуы мүмкін. Псориаздың көріністерін өмір салтын өзгерте отырып, азайтуға болатындығын есте ұстаған жөн. Псориазы бар пациенттер бірнеше маңызды әдеттерді үйренуі керек:

  • Жуғаннан кейін және жұмсартқыш заттарды жаққаннан кейін әрқашан қолыңызды мұқият сүртіңіз. Жуғаннан кейін теріңізді тырнамаңыз. Терінің зақымданған жерлерін тырнамаңыз және тітіркендірмеңіз;
  • Үй жұмысымен айналысқанда қолғап киіңіз, әсіресе химиялық заттарды пайдаланған кезде;
  • Мқта шұлық киіңіз;
  • Мүмкіндігінше ыңғайлы, мұрны ашық аяқ киім киіңіз;
  • Шашты жуған кезде бас терісін тырнамауға тырысыңыз;
  • Күннен күйіп қалмау үшін күннен қорғайтын кремді пайдаланыңыз;
  • Күнделікті жұмсартқыш құралдарды пайдаланыңыз (ылғалдандырғыштар мен майлар), әсіресе ваннадан кейін.

Тырнақ псориазы: псориаз кезінде тырнақ күтімі бойынша практикалық кеңестер

Егер сізде ұзартылған, деформацияланған, күңгірт түсті тырнақтар болса, сонымен қатар тырнақтың ойықтарына ұқсайтын көптеген шұңқырлар байқалса, сізде псориаз болуы мүмкін. Егер сізге тырнақ псориазы диагностикалан болса:

  • Инфекция қаупін азайту үшін тырнақтарыңызды қысқартыңыз;
  • Әр қолды жуғаннан кейін тырнақтарыңыздың айналасындағы теріні мұқият сүртіңіз;
  • Бақшада жұмыс істегенде, тазалағанда, спортпен шұғылданғанда және басқа да жұмыспен айналысқанда қорғаныс қолғаптарын киіңіз;
  • Аяқтарыңыз бен саусақтарыңызды қорғау үшін жағажайда немесе бассейнде аяқ киім киіңіз.

Псориазбен өмір сүру


Псориазы бар адамдар өздерін сенімсіз сезінуі мүмкін. Псориаз терінің көрінетін жерлерін азқымдағанда, пациенттер айналасындағыларға ұнамауы мүмкін.

Егер сіздің достарыңыздың немесе туыстарыңыздың біреуі осы диагноздан зардап шегетін болса, ауру туралы және пациенттерге қалай қолдау көрсету керектігі туралы көбірек білу маңызды. Есіңізде болсын, псориаз — бұл созылмалы ауру, ол қарқындылық дәрежесі бойынша әр түрлі болуы мүмкін.

Бұл аурудан зардап шегетін адамдар әлеуметтік оқшаулануды сезінуі мүмкін, тіпті қоғамдық стереотиптерге байланысты төзбеушілікке тап болуы мүмкін. Нәтижесінде олар депрессияға бейім болады. Кейбір жағдайларда айналадағылардың күрт жағымсыз реакцияларымен күресуді үйрену үшін психотерапиялық көмек қажет болуы мүмкін. Псориазы бар пациенттермен бірге тұратын немесе жұмыс істейтін адамдарға бұл аурудың жұқпалы емес екенін айту маңызды, бірақ ол күрделі симптомдарды тудыруы мүмкін.

Псориазбен бассейнге баруға бола ма?

Бассейнге бару қарсы көрсетілім емес. Алайда, терінің зақымданған аймақтары сезімтал және қатты кебеді, әсіресе хлоры бар су әсер еткенде. Суда аз уақыт өткізуге немесе бассейннен шыққаннан кейін бірден жұмсартқыш заттарды жағуға болады.

Сондай-ақ айналадағылардың әртүрлі реакцияларына дайын болу керек. Сіз бассейндегі адамдардан жағымсыз сұрақтарды немесе репликаларды естуіңіз мүмкін. Әкімшіге сізде псориаз бар екенін хабарлау қажет болуы мүмкін, сондықтан тері ерекше көрінеді, бірақ ауру жұқпалы емес.

Пациенттер қай маусымға оңай шыдайды?

Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Ауа-райы белгілі бір дәрежеде симптомдарды нашарлатуы мүмкін, бірақ бірдей ауа-райына реакциялар әртүрлі. Кейбір пациенттерде жазда күн сәулесінің әсерінен симптомдардың айқындылығы төмендейді, ал басқаларына қыста жағады. Қалай болғанда да, қоршаған орта факторларының денсаулыққа әсерін азайту үшін профилактика шараларын пайдалануға болады.

Көктем мен жаз — егер симптомдар жылы мезгілде нашарласа, сізге керек:

Күн сәулесінің әсерін азайту. Ешкім күнге күйіп қалудан сақтандырылмаған, бірақ терісі ашық адамдар оларға қараңғыға қарағанда көбірек бейім . Есіңізде болсын! Күн әйнектен, бұлттан, судан және жұқа киімнен өтеді. Көлеңкеде болсаңыз да, сіз күн сәулесінен толық қорғалмайсыз, өйткені күн сәулесі, мысалы, судан шағылысуы мүмкін; Кейбір дәрілер күнге сезімталдықты арттыруы мүмкін екенін ескеру керек. Әрқашан нұсқаулықты мұқият оқып шығыңыз және күмәндансаңыз, дәрігермен немесе фармацевтпен кеңесіңіз. Егер нұсқаулықта препарат күн сәулесіне сезімталдықты арттыратыны айтылса, күн сәулесінің әсер ету уақытын шектеу керек; SPF кем дегенде 30 күннен қорғайтын кремді қолданыңыз. Оны күні бойы үнемі жағыңыз.

Бассейндердегі суға қосылатын химиялық заттар мен теңіз суындағы тұз теріні тітіркендіретінін немесе құрғататынын ұмытпаңыз.

Теріңізді құрғатып, ылғалдандырғыш пен күннен қорғайтын крем жағыңыз; Жақсы ауа айналымын және тердің булануын қамтамасыз ету үшін ыңғайлы, кең киім киіңіз. Егер сіз аяқтағы псориаздан зардап шегетін болсаңыз, ыстық ауа-райында ыңғайлы болатын ыңғайлы аяқ киім немесе сандалий киіңіз.

Қыс және күз-егер псориаз суық мезгілде өршіп кетсе, сізге керек:

Түнде бөлмені жылытуды азайту керек (салқын ауа теріні құрғатпайды); Көп су ішу (күніне кемінде 2 литр) керек; Душтан немесе ваннадан кейін денеге арналған ылғалдандыратын бальзамын жағу керек; Денені жууға арналған нәзік заттарды пайдалану және ыстық ваннаның орнына қысқа, жылы душ қабылдау керек; Толық демалып, диетаны ұстану керек. Сізге маусымдық тұмауға қарсы вакцина қажет пе, жоқ па, дәрігермен кеңесіңіз; Егер теріңіз күн сәулесіне, қатты желге және төмен температураға ұшыраса, кем дегенде 15 SPF бар күннен қорғайтын кремдерді пайдалану керек. Есіңізде болсын, қыста күн жазға қарағанда қауіпті болуы мүмкін, өйткені күн сәулелері қардан шағылысып, сәулелену едәуір қарқынды бола түседі.

Қазақстанда псориазы бар пациенттерді қолдайтын пациенттік ұйым:

Logo Janssen | Pharmaceutical Companies of Johnson & Johnson